26.01.2026
«№5 жалпы орта білім беретін мектебінде» КММ Zoom форматында онлайн-кездесу өтті. Кездесу Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектептерге тегін ұсынылатын ChatGPT Edu платформасын қолдану мүмкіндіктеріне арналды.
Кездесу барысында педагогтерге ChatGPT Edu мектептерде пайдалануға арналған қорғалған білім беру ортасы екендігі туралы ақпарат берілді.
Zoom-кездесуге қатысушыларға платформаның негізгі мүмкіндіктері түсіндірілді: сабақтарға дайындалу уақытын қысқарту, күнделікті қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру, деректердің құпиялылығын сақтай отырып кәсіби кеңестер мен сабаққа қажетті идеяларды алу. Сонымен қатар ChatGPT Edu – көмекші құрал екені, ал білім беру үдерісіндегі басты рөл мұғалімнің қолында қалатыны ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ платформаға қосылудың кезең-кезеңімен жүзеге асатын тәртібі түсіндіріліп, жүйеде жұмыс істеу үшін логин мен құпиясөзді алу бойынша қажетті әрекеттер таныстырылды.
Өткен кездесу педагогтер тарапынан қызығушылық тудырып, заманауи цифрлық құралдарды білім беру үдерісіне енгізудің маңызды қадамдарының бірі болды.
Садуова В.Н.